«Бір ел – бір кітап 2023» республикалық акциясы

«Бір ел – бір кітап 2023» республикалық акциясы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.

Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он жетінші мәрте ұйымдастырылуда.

Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді.

Танымал жазушы, белсенді қоғам қайраткері Төлен Әбдікұлы қалың оқырмандарға да әдеби ортағада кеңінен танымал. Оның талантының ерекше екендігіне оның тереңнен толғап, жүректен қозғап жазған шырайлы шығармалары дәлел. Жазушының алғашқы жарияланған әңгімелерінен, соңғы жазған романдарына дейін, жұртшылықтың жүрегінен жол тауып, оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Қаламгер Төлен жазған пьесалар бойынша спектакльдер қойылды, сценарийлары бойынша кинолар түсірілді. Бұл туындылардың бәрі де көпшілік көңілдерінен шығып, ел құрметіне бөленді.

Жазушы Төлен Әбдікұлы 1942 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Айса Нұрманов шаруашылығына қарасты Көлқамыс ауылында дүниеге келген.

1960 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті аяқтаған соң, «Қазақстан пионері», «Жалын» альманахының редакцияларында қызмет жасады.

1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясының редакция коллегиясының бас редакторы болып тағайындалды.

1979-1989 жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінің мәдениет бөлімі нұсқаушысы, сектор меңгерушісі болды.

1989-1991 жылдары «Қазақ

 әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып тағайындалды.

1994 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың басқаруымен ҚР Президентінің мәдениет саласындағы көмекшісі болып тағайындалды.

1997 жылдан күні бүгінге дейін Төлен Әбдікұлы Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етеді. 1973 жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі. Оқырманын ойға жетелейтін, дүние сырына тереңірек үңілдіретін, шығармаларын қазақ баласы сүйініп оқитын жазушының қаламынан «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақтар» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1980), «Оң қол» (2002) атты әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өлара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987) романдары таңдамалы шығармаларының екі томдығы (1992) жарық көрді.

«Біз үшеу едік» атты қойылымы республика театрларында үздіксіз жүріп жатыр. Кинодраматургия саласында да атсалысып, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесті бойынша «Өтелмеген парыз», «Белгісіз ұлдың тағдыры» атты көркем фильмдердің сценарийлерін дайындады. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылып орыс тілінде «Истина» атты кітабы екі рет басылып шықты. Т. Әбдіков грек аңыздары «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған. Бірнеше шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2002). Халықаралық Ф. Кафка атындағы Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының лауреаты (2003). Еуропалық алтын медальдің (2003), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).

Қаламгер кино өнері мен театр өнеріне де өзіндік үлес қосқан, онда да айтарлықтай табысқа жетті.

 Төлен Әбдікұлы – іскер, ізденісі мол қоғам қайраткері. Еліміздің егемендігін бекітіп, тілін, дінін, мәдениетін өркендетуге үлкен қоғамдық үлес қосып қоғамдық қызметтер атқарып келеді.

Төлен Әбдіковұлының шығармашылығымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.

 

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.

Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он алтыншы мәрте ұйымдастырылуда.

Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуғы ұсынылды.

Елімізде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын келесі бағыттар бойынша зерттейтін болады:

– «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы»;

– «Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары»;

– «Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері»;

– «Қазіргі ғылымдағы Байтұрсыновтану».

Биыл, яғни 2022 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) – қазақ ақыны, мемлекет қайраткері, әдебиет зерттеуші ғалым, ұстаз, аудармашы, ағартушы, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Ахмет Байтұрсынов шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.

Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері кітапхана оқырмандары арасында кеңінен насихатталады. Ақын мұрасы әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне жатады және ол бүкіл адамзатқа қол жетімді болуға міндетті.

Ахмет Байтұрсыновтың мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.

Share

Пікір үстеу