Жастарға

               Сайын Мұратбеков «Қылау»

Балалық пейіл, аңғал да кіршіксіз көңілді анық байқататын «Қылау» әңгімесі қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі. Жазушы шағын әңгіме арқылы ауыл тынысын, адамдардың өзара қарым-қатынасын, қарапайым ауыл баласының ойын, қиялын дәл беріп, достыққа беріктігі мен намысқойлығын көрсетіп, кіршіксіз тазалығын пейзажбен шебер үйлестіре білген.

Әңгіме шырт ұйқының құшағындағы баласын қақаған күннің суығында Тастөбеге барып шананы алып келуді тапсырған әке бұйрығынан басталады.

Кішкентай балақай ұйқысын қимай әкесіне ренжіп әрең тұрады. Жолда алдынан зираттар кездеседі. Сол кезде өлім, өмірдің тәттілігі туралы ойлайды. Өз ойынан өзі шошып, басқа дүниеге көңілін бөлмек болып келе жатқанда межелі жерге де жетеді. Жапан далада жалғыз келе жатқан қызға көзі түсіп, жол-жөнекей  апарып тастайтынын айтады. Қыз келісіп, жолда екеуі танысады. Кенет алдарынан қасқыр кезігеді, бірақ қорыққанын білдірмей әңгімелерін жалғастыруға тырысады. Межелі жерге жеткізіп салғаннан кейін балаға «Неге үйіне дейін апарып салмадым?» деген ой келеді. Аман екеніне көз жеткізу үшін қызды қайтып іздей бастайды. Бірақ қасқырдан басқа ешкім көрінбейді.

Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі оқырманды біраз уайымға салып, оқиға кейіпкерлері Сатай мен Рабиға арасындағы қарым-қатынас өрбейді. Соғыс жылдарынан кейінгі тұрмыс-тіршілік суреттелген. 

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін әңгіменің кез келген оқырманды баурап алары сөзсіз.

 

 

 

 

Әбілқайыр Қанат. «Көршінің қызы»

Қазақтың сөз өнеріне өзіндік үнімен келген Қанат Әбілқайырдың бұл жинағына соңғы жылдарда жазылған хикаяттары мен бір топ әңгімелері енгізілген. Хикаяттағы барлық кейіпкер өмірде болған, бастан өткен оқиғалар. Шығарманың негізгі өзегі- алғашқы махаббат. Автор бір сұхбатында «Бәріміз де бала болдық. Ең алғаш 14-15 жасымызда қызға ғашық болдық. Кеңестік кезеңде мұндай шынайы махаббаттың өзін «ұятсыздық» ретінде бағалап келді. Ал мен үшін балалық шақтағы сезім – сезімдердің ең ұлысы. Мұны көршінің қызына ғашық болған 14 жасар Талап арқылы жеткізгім келді. Біздің балалық шағымыз тоқырау жылдарына дөп келді ғой. Сол кезде Еркін деген досымыз токқа түсіп, көз жұмған еді. Мен ол баланың атын да, шынайы болмысын да өзгертпей бердім. Тек Еркін ғана емес, шығармамдағы барлық кейіпкер өз аттарымен жүр.»- дейді. «Көршінің қызы» – Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінен бірінші орынды алды. Қанат әдебиетсүйер қауымға «Текес теріс ағады» атты прозалық жинағымен белгілі. Ал «Көршінің қызы» қазақ балалар әдебиеті үшін жазған тырнақалды туындыларының бірі.  Қазылардың көңілінен шыққан шығарма, оқырманның көзайымы бола ма? Бұл сұрақтың жауабын кінәмшіл, шыншыл оқырманның еншісіне қалдырдық.

Оқып көріңіз. Мархабат!

 

 

Жәлелұлы Омар «Жақсы»

 Белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының отбасы тақырыбына келгенде айтары көп. “Отан – отбасынан басталады” деген  идеяны насихаттап жүрген абайтанушы халыққа пайдалы болуды көздейді.

Қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі, қазақ ұғымындағы әйелдің жақсысы мен жаманы және әйел затына қатысты ұғымдар талқыланады. Кітап «Қазақ әйелі»,  «Жақсы» феномені» және  «Сұхбаттар» атты  үш бөлімнен тұрады.

Қазақ әйелi туралы сөз қозғау әрi оңай, әрi қиын. Оңай болатын себебi – әйел бiздiң анамыз, әйел бiздiң әпке-қарындасымыз. Ақын ағамыз айтқандай, бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз. Жастайымыздан көрiп өстiк, түйсiнiп, көңiлге түйiп өстiк. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңiтiп, тас емшегiн жiбiтiп» әйел бiзге өмiр сыйлады. Сондықтан оңай, көңiлiмiзде бәрi сайрап тұр. Қиын болатын себебi – әйел табиғаты тылсым, сырын iшiне бүккен қара жердей.

Шынымен де – әйел кiм? Оның iшiнде қазақ әйелi кiм? Өзiнiң ешкiмге ұқсамайтындығымен, не батысқа, не шығысқа жатпайтындығымен былайғы жұртқа түсiнiксiздеу болып көрiнетiн қазақ әйелiнiң феноменi неде? Бұл сұраққа жауап іздесеңіз Омар Жәлелұлының «Жақсы» кітабын алып оқуыңызға болады.

 

 

 

 

 

 

Ұзақбай Доспанбетов «Қанды жол»

Қазақтың белгілі жазушысы Ұзақбай Доспанбетовтің «Қанды жол» атты романында қазақ тарихындағы ең бір қайғылы, қаралы кезең – жиырмасыншы ғасырдың 1928-1931 жылдарындағы ашаршылық, кәнпеске, ел-жұрттың Қытайға, басқа да шетелдерге ауа көшуі, ОГПУ солдаттары ұйымдастырған қанды қырғындар – бәрі нақтылы болған ащы шындықтар негізінде суреттелген. Романның бас кейіпкері – Жетісу, Қоғалы өңірінің тумасы Ұлы жүз, Қызыл-қаңлы руынан шыққан Құндақбай Төлендіұлы өзінің көзсіз ерлігі, мергендігі, оқ дарымастығы, басқа да қасиеттері арқасында осы жайлардың бастан-аяқ басы-қасында болған.

1937-1938 жылдардағы қызыл қырғын қазақтың сол қызыл өкіметке жан-тәнімен берілген, оқыған тамаша ұлдарын (ішінде Ораз Жандосов та бар) күйедей сыпырып әкеткені, қара қазаққа деген аяусыздық  Құндақпай Төлендіұлының одан зорғыға да көзін ашты.

Жаратылысы мүлдем бөлек, бір қауызға қанша тықпаласаң да сыймайтын аса күрделі, бастан кешкендері одан да шым-шытырық жанның  Қытай жеріндегі тірлігі аңыз бен ақиқаттың мидай араласқан қоспасынан тұрады.

Шығарманың тілі көркем, шытырман оқиғаларға толы. Әдебиет сүйер қауымның қызыға оқитыны даусыз.

 

 

 

Нұрдәулет Ақыш. «Тау ішіндегі тауқымет»

 Танымал жазушының бұл жинағына жас оқырмандарға арналған шытырман оқиғалы  шығармалары еніп отыр.  Хикаяттардың қай-қайсысы да жетектеп әкететін тосын оқиғаларға толы.

 Автордың айтуынша, бұл жинаққа кірген повестердің кейбірі балалық шақта басынан кешкен оқиғаларға байланысты жазылыпты. Реалистік дүниелерді жазғанды жөн көретін қаламгер өз шығармашылығында да мейлінше болған оқиға желісін қолдануға тырысады. 

Ал, өскелең ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, өмірді сүйе білуге үндейтін келесі шығармасы – «Тау ішіндегі тауқымет немесе Құз хикаясы». Бұл – қазақ прозасында бұрын-соңды көп қаузалмаған альпинизм жөнінде. Хикаятта ешқашан ешқандай қазақ шықпаған  Хантәңіріні бағындыру барысындағы экспедиция мүшелерінің өмір мен өлім арасындағы арпалысы оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Қазіргі балалар прозасының тәуір үлгісі ретінде ұсынылып отырған бұл жинақ жас оқырмандарды қызықтыратыны сөзсіз.

 

 

Әзілбек Гүлден «Перімен түнеген түн»

Бүгін мен көзі ашық, көкірегі ояу, кітапты үнсіз ұстаз, кітапты асыл қазына көретін оқырман қауымы үшін жас жазушы Гүлден Әзілбектің «Перімен түнеген түн» деп аталатын әңгімелер жинағын ұсынамын. Бұл жинаққа жас қаламгердің алғашқы тырнақалды туындылары еніп отыр. Жазушы өмірден түйгендерін, бастан кешкен оқиғаларды әңгімелеп шыққан.

 Гүлденнің қай шығармасын алсаңыз да, айтайын деген ойын ашық және батыл түрде жеткізіп отырады. Әсіресе, «Қызыққа толы күндер-ай» атты өмірбаяндық эссесінде балалық шақтағы қызық пен қырсыққа толы сәттер риясыз суреттеліп, әрбір оқырманға өмірінің ең тәтті бір тұстары салған пәк, кіршіксіз кішкентай кездерін есіне еріксіз түсіріп, балалық балауса ғұмырға жетелей бастайды.

Жас қаламгердің әр шығармасы қайнаған өмірдің ортасынан алынған. Оның «Перімен түнеген түн» әңгімесінің өзі, шынайы оқиға желісімен жазылған ой саларлық ғажайып дүние екенін байқаймыз. Шығармада Ахмет атты кейіпкер бір жолы тылсым дүниемен тілдеседі. Ол үрейлі түнде қолында суық қаруы бар, алып дию адамдар арасында арпалысып жүреді. Ақыры түн қашып, таң шуағы төгіле бастағанда барып, есін жиған кейіпкердің кейінгі өмірінің күрт өзгеріп, ол адам жанын емдейтін ақ халатты абзал жанға айналған барысы тамаша образды суреттермен жеткізіледі. Міне, бұдан біз, жаратушының сүйген құлына берілетін үлкен хикметтердің бар екенін аңғарамыз.

Қаршадай қазақ қызының жүрек жарды жазған дүниелерін оқыған әрбір жан, өзіне тиісті рухани азығын алып, жақсы бағасын берері сөзсіз деген ойдамын.

Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…»

Кітапхана қоры Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…» атты кітабымен толықты. Танымал қаламгер, талантты әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін» атты бұл кітабына автордың ұлттық әдебиетіміздің жай-күйі» жөніндегі таңдаулы әдеби-сын мақалалары енгізілген.

Кітапта: «Мұхтар Мағауинды Қазақстанға қай бетімізбен шақырамыз?» атты көлемді мақала берілген.  Бұл мақалада біз қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауинды шетелге кетірген не екенін,  «Ұлтсыздану ұраны», «Жармақ» кітаптары, «Талайсыз» әңгімелері  жайында білетін боламыз.

Ал енді, «Дос жылатып айтады» мақаласында Герольд Бельгердің 48 жыл бойы жазған күнделіктерінен үзінділер берілген.  (Герольд Бельгер. «Тень дней минувших». Дневники. 1961-2009 г.г. «Мереке» баспасы, Алматы, 2015 жыл). Герольд Бельгер өмірінің соңында өз күнделігін белгілі жазушы, баспагер Мереке Құлкеновке аманат еткен.

 Келесі, «Адасқақ» мақаласында Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі берілген. Әңгіменің басты кейіпкері – Әмірхан. (Қайым Мұхаметхановтың айтуынша, әңгімедегі әнші Әмірханның прототипі – Әміре Қашаубаев).

«Әмірхандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірханды ешкім де елемейді. Әмірхан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін өзі ұмытады, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол тәтті үнге, топқа бола жаратылған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірхан кісі емес, әнге айналады». Бұл – Әмірханның ән салғандағы кейпі.

Не керек, Әмірхан – ғажайып биік адам. Бүгінгі тілмен айтқанда, үлкен өнер үшін жаратылған өнер иесі. Бірақ…

«Әмірханның әнге берілгендігі сонша, басқа шаруаға олақ-ақ. Қолынан түк келмейді. Аштан өлем-ау, көштен қалам-ау, ертең не күн көрем-ау деген уайым ойына да келмейді…».

Мақалада Жүсіпбек Аймауытовтың әнші Әмірханы – өнерді мейлінше адал әрі көзінің қарашығындай күзететін өнерпаз. Яғни, өзін де, өмірін де өнер жолына пида еткен жан екендігі жайлы айтылады.

Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін…» кітабы ойлы оқырман үшін үлкен олжа. Қоғам күткен кітап. Оқыңыз, өкінбейсіз.

 

Айымбетов Мәди «Бопай ханым»

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Фолиант» баспасының «Алтын тамыр» сериясымен «Бопай ханым» тарихи туындысы жарық көрді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың сүйікті жары, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, дипломат Бопай ханым туралы тарихи романның авторы – қоғам қайраткері, жазушы Мәди Айымбетов.

Билік тізгінін бекем ұстап, басқа елдермен терезесі тең қарым-қатынас орнатып, балаларын ел басқару ісіне баули білген Бопай Сүйіндікқызының өмір жолына арналған туындыда қазақ халқын жаугершілік амалымен өзіне тәуелді етуге тырысқан орыс империясының билігіне қарсы тұрған хан ордасының әскери-саяси өмірі шебер суреттеледі. Басты кейіпкер Бопай ханымның бейнесі әр қырынан көрініс тауып, ел бірлігін сақтап қалу жолындағы арпалысы баяндалады.

Бас кейіпкер Бопай қазақтың бас ханының сүйікті жары болып қана қоймай сенімді серігі, хан әулетінің ұйыстырушысы, ел өміріне қатысты күрделі мәселелерде ақылман кеңесші болған. Орыс империясының жоғары билігіне оның есімі танымал болуы да сондықтан.

Сөз соңында айтарымыз, жазушы Мәди Айымбетов ағамыздың жаңадан жарық көрген «Бопай ханым» романы да қазақ тарихын түгендейтін, болашақ киногерлерге таптырмас тақырып болатындай, ал қалың оқырманның қолынан түспей қызығып оқитын шығармасы боларына бек сенімдіміз.

Мейрамтай Иманғали «Бақытты болуды үйреніп жүрмін»

Құрметті оқырман бүгін біз Мейрамтай Иманғалидың «Бақытты болуды үйреніп жүрмін» атты кітабын ұсынып отырмыз. Бұл Мейрамтайдың – алғашқы кітабы. Кітапта автордың әр жылдары жазылған шағын әңгімелері топтастырылған. Әңгімелердің дені Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген.

Жалпы, бұл кітапқа енген шығармалардың жанры «новелла» деуге келетіндей. Десек те біз «шағын әңгімелер» деуді дұрыс көрдік. Өйткені, бұлардың әрқайсысы тұтастай бір әңгіменің жүгін көтеріп тұр деуге болады. Ең бастысы – өмір бар, сезім бар, тағдыр бар. Оның үстіне технология дамыған қазіргі заманда оқырманның көлемді шығарманы оқуға уақыты да жоқ екенін автор ескерген секілді.

Мейрамтай кітабының атын «Бақытты болуды үйреніп жүрмін» деп атаған екен. Бұл өмірде кім бақытты болғысы келмейді, бәрі де соны аңсайды. Ал, бақытты болуға үйренуге де болады екен ғой? Қазіргі үлкен-кішіге ұнайтын жақсы тақырып.

Өмір туралы қарапайым шағын әңгімелерді оқығыңыз келсе, бұл кітап нағыз шынайы өмір туындысы.

 

Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр»

Оқырманға ұсынылып отырған Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» атты романы халқымыздың басына қайғы салған Семей полигоны мен одан келген зардап  пен зауал жайлы. Жазушы шығармасында социалистік режим құрбандарына айналған Семей өңірі тұрғындарының қасіреті айтылады. Рас, Семей полигоны жабылса да, оның қазақ халқына тигізген зардабын әлі тартып келеміз. Жазушы кейіпкері Аяулымның тағдыры арқылы осы қасіретті оқырманға жеткізе білді. Полигон тақырыбына бару бұл – үлкен ерлік.  Бұл кітапта осы кезге дейін көп айтыла қоймаған, құпия болып келген біраз шындықтың беті ашылады. Кітапта қасіреті шынайы баяндалған талай тағдыр бар.

…Аяулымның оқушы күнінде олардың үйі бір бай отбасының үйімен көрші тұрады. Әлгілердің жалғыз ұлы арбамен жүретін мүгедек жан. Құдай аяқтан кем қылғаны болмаса, домбыра тартатын өнерлі бала.

Біздің кейіпкеріміз Аяулым сол балаға көмектесіп жүреді. Қасіреттің не екенін содан біліп өседі. Оның жанашырлығы бала махаббатқа ұласады. Алайда мектеп бітіргенде екеуі бір-бірінен көз жазып қалады. Аяулымды тағдыр қол-аяғы сау, атпалдай азаматпен жолықтырады. Бірақ ол, аты Әмір, ядролық сынақ кезінде сәуле алған. Оның дерті іштен кеміретін дерт еді… Осы қасіреттің бәрін көрген Аяулым тастай қатып пісіп жетіледі.

Аяулымның тағдыр жолындағы қасіреті мен махаббаты, ләззаты мен қуанышы Сізді де өз тұңғиығына батырады.

«Қасірет пен тағдыр» – қазақтың қаралы тағдырының жаңғырығы. Тәуелсіздікке қол жеткізген қайсар қазағымның ендігі болашағы жарқын болсын!» деп ағынан жарылады жазушы.

Жазушының қаламынан туған шығармалары кез келген жанға ой салары сөзсіз.

 

 Батыр Дәлелбек. «Тастандының тағдыры»

Бүгінде елімізде туған баласынан безген көкек аналар қатары артып барады. Балалық шақтың дәуренін емес, кермек дәмін тартып, анасының ыстық құшағы мен аялы алақанының жылуын сезіне алмай өсіп келе жатқан қаншама бала бар. Олар балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Перзентінің жанарын жәудіретіп кете барған, өзі тасбауыр ана атанғандардың жайы өзекке өкініш ұялатады. Қазақ ежелден жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген халық. Алайда, өркениеті дамыған біздің елде жетімдер мен қарттар үйінің саны жылдан жылға артып келеді. Бұл қоғамның қасіреті, ащы да болса шындығы. Осындай жағдайға байланысты мына бір кітапқа тоқтала кетсем.

Белгілі жазушы Дәлелбек Батырдың «Тастандының тағдыры» атты романы қазіргі заманның өзекті мәселесі-тастанды бала проблемасын сөз етеді. Кітаптың басты кейіпкері Гулназира әкесінің қысымымен өз сәбиін тастанды етуге мәжбүр болады. Бақытсыз жағдайға тап болған студент қыздың өкініші бүкіл роман желісін құрайды. Сәбисіз ерлі-зайыптылар Төрегелді мен Гүлстанның тастанды баланы асырап алудағы әрекеттері де шығармада әсерлі көрініс береді.

  Қыз інгеннің бүлкілдей желіп, қос жанарынан жас парлай ағып, санасыз мақұлық болса да ботасын жоқтап, оның қайғы мен шерге оранған бейнесін көз алдына елестетті. Қыз көңілі тағы да босады. «Жоқ, мен көзімнің жасын көл қып өмір сүре алмаймын, алдымнан қандай кедергі кездессе де сәбиімді тауып алуға міндеттімін. Өйткені мен оның дүниеге әкелген анасымын. Нәрестені тірі жетім еткім келмейді. Әкем мені ол үшін көрмей кетпес. Баламның көз жасы мені жібермейді. Тастанды болуға оның ешқандай құқы жоқ. Әкесі алдап кетсе де, анасы мен бармын, құдайға шүкір. Дұшпанкөз не десе о десін! Онда менің шаруам жоқ. Маған бала, перзент керек. Ұлымның тағдыры көкемнің абырой-беделінен кем болып па? Тәуекел, бәрін де көріп алдым!».

  Гүлназира өзінің бірбеткей мінезіне салып, тастанды етуге мәжбүр болған баласын тауып алуға шынымен тәуекел еткен. Бірақ бәрі де кеш еді…

Ендеше қазақы дәстүрімізге жат дүниеден бойымызды аулақ ұстап, өмірде шалыс басатын қадамдарға жол бермеуге тырысайық. Сонда ғана бала күлкісі өз шаңырағынан естілері анық. “Бала өмірдің базары” деп тегін айтылмаса керек.

Оқиға жалғасы қызықтырса кітапты алып оқуларыңызға болады.

Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың кітаптары көбінесе Алтайдың әсем табиғаты жайында болып келеді. Ал енді оның «Әдебиет әлемінің әзілдері» кітабында біз қазақтың ақын-жазушылары мен ірі тұлғаларының ұлағатты сөздері мен әдемі әзілдері жайында танысатын боламыз. Аталмыш жинақтан үзінді келтірсек:

«…Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892-1969жж.) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:

  • Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек – әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

Қымбатты оқырман, Әлібек Асқаровтың кітабы ұнаған болса, біздің кітапхана есігі сізге әрдайым ашық!

 

Жұмақанов Жекен. «Сабалақ»

 

Бұл хикаят – осыдан қырық жылдай бұрын көрнекті жазушы Жекен Жұмақановтың қаламынан туған шығарма. Тарихи әпсана. Күллі қазаққа белгілі атақты хан Абылайдың қалмақ-қазақ соғысы кезіндегі шиырлы да қиын тағдыры, ел қорғаудағы жеңісті өмірі туралы баяндалады. Шығарма бір оқығанда деректі шығарма сияқты көрінеді. Десек те, Абылай кейіпкердің тұлғасын көрсетуде нағыз талғампаз, шынайы әдеби шығарма десек ешкім қарсы болмас. Уақиғасы өте қызықты, оқырманды жетелеп отырады.

  Хикаят «Сабалақ» – Әбілмансұрдың қатыгез жауларынан қашып шығуынан басталады. Бірден оқиға Естек батыр мен болашақ ел билеушісі Абылайдың нағыз адами арақатынасымен ерекшеленеді. Естек Сабалақты сыйлай біледі, қарапайымдылығына қайран қалады. Келешекте елі үшін жан аямайтын, ел билеушісі болатынына да сенім артады. Тіпті Сабалақпен сырласып, екеуі қарулы қақтығыста қажетті айла-әдістерін де бір-біріне үйретеді. Шығармадан әрі қарай Әбілмансұрдың неге Сабалақ, одан кейін неліктен Абылай аталуы, болашақ жары Топаймен танысып, онымен тіл табысуы, жоңғар батыры Долаймен жекпе-жегі жайында оқуларыңызға болады.

Мира Шүйіншәлиева «Өкініш»

  Қазақта қазаны мен қаламын қатар ұстаған нәзік жандар аз емес. Өткір ой, шұрайлы шығармаларымен оқырманын қуантып жүрген Мира Шүйіншәлиева өңірдің әдеби өміріне үлесін қосып келеді. Әдеби көркем кітаптарымен кеңінен танылған талантты жазушының «Өкініш» атты кітабы қазіргі көркем прозаның алдыңғы қатарынан орын алады. «Өкініш» хикаятына мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат негіз болған. Біздің ұғымымыздағы махаббат Еңілік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр, Төлеген мен Жібек тәрізді бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың өшпейтін ыстық сезімдерімен, мәңгілік мұраттарымен өрбитін. Алайда, жазушы бұл туындысында өмірдегі махаббаттың жырлардағыдан өзгеше болатындығына көңіл аударған.

  Хикаяттың мазмұнын негізгі үш бөлім қамтиды. «Тоғысқан тағдырлар»,  «Махаббат машақаты», «Екіге айырылған жол» деп аттары айтып тұрғандай мұндағы оқиғалар да осы төңіректен табылып жатады. Кеңестік кезеңнің «анау ақ, мынау қара, яғни анау жағымды кейіпкер, мынау жағымсыз кейіпкер» деп үйренген оқырманына бұл повесть тосын көрінері күмәнсіз. Әйтпесе, сұлу да ақылды, білімді де қажырлы қыз Ақкүн «алпыс пен жетпістің арасында адасып» жүрген Аманның етегінен неге ұстайды? Өзі қатарлы жігіттер құрып қалған жоқ қой. Оны магнитше тартқан байлық па? Егде адамның орнықты мінезі ме? Шау тартқан жанның жас адамға деген ынтықтық жалыны ма? Ақкүн өзін қоршаған ортаның күйкі тірлігінен түңіліп, тыныш бір айлақ тапқысы келді ме? Кластасы үйлі-баранды Кенжебекпен көңіл қосуын қалай түсінуге болады? Қаптаған-қаумалаған сұрақтар! Бұл сұрақтарға жауап іздесеңіз, кітапты алып оқуыңызға болады.

Өкінбейік өмірде, Адаспайық өмірде!

Өріс Яшүкірқызы «Жіп тұзақ»
Кітапхана қоры  жаңадан тағы бір «Жіп тұзақ» атты детективті әңгімелер жинағымен толықтырылды. Авторы Өріс Яшүкірқызы – бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында дерлік еңбек еткен ардагер журналист, қарымды шығармашылығымен, юмор-сатирасымен республикамызға танылған қаламгер. Кітаптың бір ерекшелігі – ауылдағы қазақ қыздары жасаған қылмыстар туралы екендігінде. Ауыл қызын табиғи сұлулық пен биязылықтың, әдептілік пен тәрбиеліліктің, нәзіктік пен тазалықтың символындай қабылдау санаға сіңіп, әбден қалыптасқандықтан, бұл фактіні қабылдаудың өзі қиын. Бірақ, шындық сондай. Шынайы өмірде өздерінің қалалық құрбыларына қарағанда әлдеқайда жуас, момын, қорғаншақ ауыл қыздарын қылмысқа итермелеген не? Намысына тиіп, арын таптаған қаракүш иесінен кек алу ма? Басына төнген қатерден қорғану ма? Әлде біреудің бақытын көре алмау ма?

    Кітап «Ашылмаған қылмыстар» және «Ашылған қылмыстар» деген 2 бөлімнен тұрады. «Жіп тұзақ» кітабының бір ерекшелігі Өріс Яшүкірқызы ешқандай қылмысты ойлап таппаған, бәрі өмірде болған оқиғалар негізінде әдеби көркемделіп, жазылған дүниелер. Сонысымен де қызық… әрі қорқынышты…

Егер кітап сізді қызықтырған болса, кітапханамызға келіңіз!

Езу тартайық, ағайын
«… Мен 40 жыл күлкіге көп орын тимейтін мекемелерде қызмет істедім.
Соның өзінде, оқта-текте, езу тартатын оқиғалар кездесіп тұрғанын ескеріп,
осы шағын еңбегімді оқушы таразысына тартып отырмын»
Автор.
Мұрат Қалматаевтың «Езу тартайық, ағайын» кітабынан «Көже неге суық?» әңгімесінен үзінді ұсынамыз:
Университетті бітіріп келіп, Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаныма екі-үш айдай ғана уақыт өткен. Бір күні Семейден облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы телефон шалып, Алматыдан Орталық комсомол комитетінен жұмысымызды тексеру мақсатында бір инструктор келе жатқанын хабарлады.
Алдын-ала келісім бойынша автобус аялдамасынан қонағымды қарсы алдым. Орталықтан келген адамды қарсы алып көрмеген басым неден бастауды білмей: «Үйге жүріңіз, шәй ішейік» – дедім.
– «Сені университетте осылай үйретіп пе еді? – деді өкіл, қабағын түйіп. Мен жұмыстарыңды тексерейін деп келдім, шәй ішіп, қонақ болайын деп келгем жоқ. Екі-үш күн ауданда боламын, басшылармен жолығамын. Жатар жерім – қонақ үйі, тамақтанар жерім – асхана болады. Ұқтың ба», – деп тексерушім маған бақырая бір қарап алды.
– Елге келген адамға құрмет көрсетіп, ас ұсынуды университет емес, анамнан үйреніп едім, – дедім мен де сөз реті келгенде.
Байқаймын, қонағым ыңғайсызданып қалғандай болды.
… Қонақ үйдің де жағдайы ұнамады Алматылық өкілге.
– Меню әкеліңіз, – деді асханаға кірісімен, – даяшы қызды шақырып.
– Меню деген бізде жоқ, – деді қызымыз. Только окрошка и котлета, что обязательно читать надо – деп официантка қабақ шытты емес пе, бар болғыр…
– Әп-сәтте окрошкамыз да келіп қалды.
– Көже неге суық? – деді инструктор ауызына бір қасықты апарар-апармастан.
Дәмін татып көріп едім, расында салқын екен, бірақ маған ұнап барады. Бұрын кім ішіп көрген бұл пәлені. Студенттің бар тамағы борщ пен нан еді ғой (көпшілігіміздің).
– Шақыр даяшы қызды! Директорды, аспазды да райкомға қоса шақыр!, – деді де қонағым тарелканы сиырып тастады да, «кеттік конторыңа» деп бұйырды. Асхана бастығына «Сіз, повар екеуіңіз жаңа жұмыс іздеңіздер» деп кесіп айтты кетіп бара жатып.
Райком комсомолға кіргеніміз сол еді, телефон шылдыр ете қалды. Тексеруші менің бөлмеме кіріп кеткен. Мен трубканы алсам, Обком комсомолдың бірінші хатшысы Базар Мухамеджанов екен.
– Қалай қарсы алдың ба «бастықты»? – деп күле сөйледі Базекең.
– Қарсы алғаны бар болсын, таң атқалы естігеніміз сынау-мінеу болып жатыр, – дедім де «окрошканың жырын» айттым.
– Ойбай-ау, окрошка дегеннің өзі суықтай берілетін тағам-ғой, сен білмеуші-ме едің? – деп бастық таң қалды.
– Берші трубканы инструкторға, – деді.
– Сіз қайта телефон шалыңыз, әйтпегенде мен Сізге шағынғандай боп қалармын дедім.
Екеуінің не сөйлескенін білмедім, әйтеуір, аздан соң уәкіл мені шақырып: « Мұрат, әлгі асхана бастығына «отбой» бере тұр, жұмыстарын пока істей берсін. Ал, сен үйдегі келінге айт түске бір ыстық тамақ дайындап қойсын. Кешке шұғыл түрде қайтуым керек» – деді емес пе қонағым…»
Құрметті оқырман, Мұрат Қалматаевтың кітаптарымен танысқыңыз келсе, кітапханамызға келіңіз!

Әзіліңді сағындық

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жазушы қырынан танылып жүргені баршаңызға аян. Және оның  өмірден озған асыл жары, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлы көзі тірісінде әзілқой адам болғаны да белгілі.

Зейнеп апаның «Әзіліңді сағындық» атты кітабында осы жаны жайсаң жазушының табан астында тауып айтқан әзілдері назарларыңызға ұсынылып отыр. Соның бір-екеуіне көз жүгіртсек:

  • Фонограммамен ән айтатын әншілерге сахнаға гүл алып шығып, оны иіскетіп, бірақ бермей қайтып әкету керек, – дейтін Бәкең.
  • Төлеген мен Қыз Жібектің – Құман мен Меруерттің шаңырағында қонақта отырмыз. Сөз кезегін Бақытжанға бергенде қасында отырған Шер-аға – Шерхан Мұртаза:
  • Тікірейген шашыңнан айналайын! – деп інісінің басынан сипады. Сонда Бәкең сөзін тост сөйлеуден емес, басқа бір әңгімеден бастады:
  • Аға, жақында мен жан-тән туралы жазылған бір кітап оқыдым. Сонда айтады, адам өмірге келгенде, яғни туыла салып екі періште қасына келеді екен де баланың бүкіл алдағы өмір-тіршілігін, тағдырын кезек-кезек айтып береді екен. Бірақ қырқынан шыққан соң бала бәрін ұмытады екен. Ал мен ұмытпадым. Періштелер «әкең Бауыржан, әйелің Зейнеп болады» дегенде төбе шашым тік тұрды да, сол күйі жатпай қалды, – деді.

Бір жолы Бәкеңді тағы да әрең көндіріп аяқкиім сататын дүкенге бардық. Бірнешеуін киіп көрді, шақ келмеді. Арасында тұрқы ұнаған біреуі дұрыс секілді көрінгенімен, аяғын қысыңқырады. Оны естіген сатушы келіншек:

  • Бұл таза былғарыдан тігілген сапалы туфли. Бір апта қысады, содан кейін жөнделіп кетеді, – деп, қайтсе де затын өткізгісі келіп бәйек болды.
  • Олай болса бір апта өткен соң келейін, оған дейін кеңи берсін, – деп Бәкең есікке қарай беттеді.

Құрметті оқырман, Бақытжан Момышұлының басқа да әзіл-қалжың, шымшымаларымен таныс болғыңыз келсе «Әзіліңді сағындық» кітабын оқуға кеңес береміз.

               

     Момбек Әбдәкімұлы «Қараман қарақшы»

Жастарға арналған Момбек Әбдәкімұлының «Қараман қарақшы» хикаяты кітапхана қорын толықтыра түсті. Бұл кітапта 15 жасынан бастап қарақшы атанған Қараман қаһарман туралы айтылады.

Негізінде, Қараманды халық шартты түрде «қарақшы» деп атағанымен, оның атқарған істері ауыл тентектерінің ісіне мүлдем ұқсамайтын, тек қанішерлер мен баскесерлер ортасында әділдік орнатам деп күрескен, іс-әрекеті кең ауқымды қамтыған қаһарман болған.

Егерде сіз Робин Гуд туралы естіген болсаңыз, Қараман тура сол қазақтың Робин Гуды деп айтуымызға әбден болады.

Жамандыққа жаны қас Қараман, өмір бойы тек әділетсіздікпен күрескен. Бірақ өзінің кейбір кереғар істері мен жеке көзқарасы үшін совет өкіметінің түрмелерінде бірнеше мәрте отыруына тура келеді. Кітапты  оқыған жан, оның өкімет тарапынан батыр деп мойындалмағанымен, күллі Қазақстан, қала берді Орта Азия халықтарының сүйікті қаһарманы  әрі оларға жағымды тұлға болғанын аңғарады. Қалай десек те, Қараман күрделі тұлға. Оның істері жастарымыздың ұлттық жігерін жандандыруға, әділсіздіктің жолында аянбай күресуге үлгі болары анық.

 

Дейл Карнеги «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері»                                

Дейл Карнегидің бұл бестселлер кітабы 15 миллионнан астам данамен таралған екен. Соншама тиражбен таралатындай мұнда не жазылған деп ойлауыңыз әбден мүмкін.

Ендеше назар аударыңыз: кітапта адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатыны айтылады.

Мәселен:

 Жұмысты мақтау мен шынайы көтермелеуден бастаңыз.

Адамдардың қателігін бетіне басудан аулақ болыңыз.

Біреуді сынамас бұрын, өз кемшілігің туралы айтып өт.

Бұйрық беруге асықпай, басқалардың ойын білуге тырысыңыз.

Адамның абыройын аяққа баспаңыз.

Адамның ірілі-ұсақты кез-келген жетістігін мақтап отырыңыз. Мақтаудан аянып қалмаңыз және ол шынайы болсын.

Адамның беделін көтеруге тырысыңыз. Сонда ол сеніміңізді ақтауға талпынады.

Қанаттандыра біліңіз. Қатені түзеудің еш қиындығы жоқ екенін көрсетіңіз.

Адамдарға өз қалауыңызды ықыласпен істетуге тырысыңыз.

Осындай құнды ақпараттар берілген қазақ тілінде жазылған Дейл Карнегидің бұл кітабын іздесеңіз, біздің кітапханаға келіңіз!

Бектемірова Нұрила. «Күн түнекті сейілтеді»

Жақында бір телевизиялық бағдарламада қазіргі жастардың кітап оқымайтындығы туралы пікірталас болып жатқанын көргенім бар еді. Сол кезде бір ғалым ағамыз: «Ия, қазіргі жастар кітап оқымайды, өйткені олар шынайы өмір туралы кітап іздейді. Яғни, қазір біз өмір сүріп жатқан қоғам туралы кітап жоқтың қасы, ал бұрынғы совет заманында жазылған кітаптар оларға мүлдем қызық емес» – деп өз ойын білдірген.

Ендеше, мархабат, дәл қазіргі өмір туралы кітап бар екен. Ол Нұрила Бектемірованың «Күн түнекті сейілтеді» кітабы.

Автордың барлық шығармаларының басты кейіпкерлері – жанымызда тіршілік етіп, қарым-қатынас жасап жүрген адамдар. Әрбір шығарманың мазмұнында оқыған адамды ойландыратын тәлім-тәрбиелік мәні бар түйін жатыр. Ұзақ өмір көшінде абайсызда адасқан кейіпкерлердің жан күйзелісінің куәсі болып, мінез-құлықтарына үңіліп, көп жағдайға қанық боласыз: «Қиянаттың көлеңкесі жоғалмайды», «Байдың қызы», «Опасыз дүние» хикаяттары.

Әсіресе, өмірде қаз-қалпында болған әңгімелері де шынайылығымен тәнті етеді: «Ауған солдаты», «Нан таптаған қыз», «Жаназасы шығарылмаған қазақ» т.б.

Егер кітап сізді қызықтырған болса, біздің кітапхана есігі сіздерге әрдайым ашық!

Елен Әлімжан «Анажар» 

Елен Әлімжанның «Анажар» кітабында қазіргі қоғамдағы күрмеуі қиын өзекті мәселелер бас кейіпкер Анажардың басынан кешкен тағдырымен байланыстыра баяндалады.

Кейіпкердің есімінің өзі назар аударарлықтай – Анажар. Ана және жар. Бір әйелдің қос міндеті.

… Анажар қалада дүниеге келгенімен, жеті жасына дейін малшылар ауылында әжесінің қолында өсті. Әжесі тәрбие-өнегесін бауырында өскен немересінің бойына сіңіре білді. Жаны таза, ақкөңіл Анажар мектеп табалдырығын қалада аттады.  Қала өміріне біртіндеп үйренді…

… Алайда не жетпегенін кім білсін, отыздың ортасына да келмей жатып бұл әйел дүниеден баз кешуді ұйғарыпты. Ұйғарды да, бүгін таң білінісімен, қалалық қабірханаға келіп, өз көрін өзі қаза бастады…

Анажардың өмірден түңіліп, мұндай әрекетке баруының себебін білгіңіз келе ме? Елен Әлімжанның осы кітабын оқысаңыз, көкейіңіздегі сұраққа жауап таба аласыз.

Тұрсын Жұртбай”Жансар”

Бұл жинақта жазушы өз тұсында өмір сүрген, кеше ғана өмірден өткен аға ұрпақтар мен замандастарының жан жылуын келер ұрпаққа жеткізуге ұмтылған.

Кітапта: Қаныш Сәтбаев, Шәкір Әбенов, Қайым Мұхамедханов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Қабдеш Жұмаділов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин және т. б. туралы эссе-естеліктер берілген.

Мәселен,  «Талант тағдыры» деп аталатын естелікте әнші Жәнібек Кәрменовтың Абайдың жан досы болған Ерболдың немересі Кәрменнің баласы екенін білуімізге болады. Қазақтың ән өнерінің аспанында дауысы қалған Жәнібек Кәрменовті қазіргі таңда білмейтін қазақ жоқ.

Абай өмір сүрген даланың тынысы, жусанның иісі, найзағайлы жайлаудың кемпірқосағы, боранының уілі, қағылез де зерек орта Жәнібектің де тағдырлы жолы мен талант мінезін қалыптастырды. Тағдыр оған Жүсіпбек Елебековтей ұстазды жолықтырды. Ол жиырма жасында ел таныған әншіге айналды. Өкінішке орай, заманның күйін күйттегісі келмеген тура мінезді талант он бес жылдай сахнадан шет жүрді. Бұл жылдары ол өлең, әңгіме, зерттеу мақалалар жазды. Оның артында үш томдық мұрасы қалды. Жәнібектің әншілік бақыты Ақселеу Сейдімбек екеуінің теледидардағы ән туралы әңгімелерінен соң қайта жанды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық әндері кафедрасының меңгерушісі болды. Шетелдерге шығып, әлем сахнасының есігін енді аша бастаған дер шағында ән аспанында шарықтаған шабытты дауыс жол үстінде кенеттен үзілді. Соңында өлшеусіз ән мұрасы қалды.  

… Бір жолы ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың көңілін сұрай барған Жүсіпбек Елебеков Жәнібекті де ертіп алады. Қалибек ағаның жанында ауруханада Манарбек Ержанов та жатқан болатын. Сонда дерт меңдеп жүрген Манарбек Ержанов Жәнібектің дауысын тыңдағаннан кейін көзіне жас алып: «Жүсіпбек, сенде арман жоқ, артыңда атыңды өшірмейтін шәкіртің бар екен. Мені айтсаңшы, соңында жоқтаушысы жоқ,» – деп өкініпті.

… Ал өнерге жаны ғашық Дінмұхамед Қонаев  бір күні дастархан басында отырғанда: «Жүсеке, жақсыны жасырмас болар. Талантты шәкіртіңіз бар екен. Бізге де тыңдатпайсыз ба?» – деп, Жәнібекті сол үйге арнайы шақыртып алып тыңдап, оның өнеріне риза болыпты…

Құрметті оқырман, егер Тұрсын Жұртбайдың шығармалары сізді қызықтырған болса, біздің кітапханаға келіңіз!

Мыңбай Рәш “Жадымда қалған жайсандар”

Қазіргі қазақ сатирасының ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «бір өзі, бір театр» атанған Мыңбай Рәш есімі ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бері қалың жұртшылыққа етене таныс.

Ол лирикалық, азаматтық өлеңмен бірге, көбінесе сатира жанрында еңбек етеді. Оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары туысқан республикалар тілдеріне аударылған.
Биыл жерлесіміз Мыңбай Рәш ағамыз 90 жасқа толып отыр.

Жақында автордың 5 томдық «Шығармалар жинағы» жарық көрген болатын. Бүгін біз сіздерді осы шығармалардың 1 томымен таныстырмақшымыз.

Кітап «Жадымда қалған жайсаңдар» деп аталады. Бұл кітапта аты айтып тұрғандай еліміздің бетке ұстар азаматтары туралы, атап айтсақ: Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан Момышұлы, Шәмшиябану Сәтпаева, Әди Шәріпов, Шакен Айманов және тағы басқалары туралы сөз болады.

Енді, осы асылдардың өмірінен бір үзік сыр оқысақ:

 «… Тағы бір қызықты айтып берейін, – деді Шәкен аға күлімсірей қарап. Оның маңдай терісі тарамдана, самай тұсынан жағына дейін жарыса жөнелген әжімдері тереңдей түсті.

Шәкен аға кабинетте отырған хатшы қызға «мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағазын беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта:

– Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып.

– Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағазын беретін әйел.

– Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев:

– Ха, ха, ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ. Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді.

Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті.

«Дүние шыр айналса…»

Назарларыңызға Заңғар Кәрімханның жақында ғана жарыққа шыққан «Дүние шыр айналса…» кітабын ұсынамыз.

Бұл кітапта журналист-зерттеуші, Алаштанушы Заңғар Кәрімханның туған жер, тарих, Алаш тақырыбындағы толғамдары мен белгілі руханият өкілдерімен әңгімелескен сырлы сұхбаттары топтастырылған. 

Сол сұхбаттардың біріне тоқталсақ: 

«Қазақстан» ұлттық арнасының Мәскеудегі тілшісі Нұртас Солтанұлымен болған сұхбатта – тілші қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы құжаттың қолжазбасы табылғаны жөнінде айтады.

Қолжазбаны кім және қалай тапты? 

 Жаңадан жарық көріп отырған кітап «История Кенесары Касымова и Садык Кенесарина» деген атпен жарияланып отыр. Басылымды шығаруға қолдау көрсеткен: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Кітап авторы Ахмет Кенесариннің, әкесі мен ағасы туралы жазған қолжазбасы 1887 жылы жазылған. Сол кездегі өлкетанушы ғалым Евгений Смирнов Садық сұлтанға өзінің және әкесінің өмірбаяны туралы жазып қалдырсаңыз деген қолқа салады. Және, оны қалай жазудың үлгісін ұсынады. Смирновтың айтуынша, тегінде Садық сұлтан жаза білмегенге үқсайды. Сондықтан ол міндетті інісі Ахметке тапсырады. Ахмет ағасының айтуы бойынша және өзінің есінде қалғаны бойынша әкесі туралы құнды деректерді 64 бет етіп жазып шығады. Смирновтың қолына тиген бұл қолжазба 1889 жылы Ташкент қаласында кітап болып басылады. 

Қолжазба осылайша 1889 жылдан бері табылмай, тек араға 130 жылдай уақыт өткенде жария болып отыр. Бұл аралықта 1992 жылы «Жалын» баспасынан Смирновтың аудармасы қазақ тілінде басылып шығады. Осымен бұл кітап үшінші мәрте жарық көріп отыр. Қолжазба Ресейдің мемлекеттік тарих музейінде сақталып келген. 

Қайдан алынған, қалай жеткен, кім әкелген деген сауалдарға жауап жоқ. Кітаптан білуімізше, қолжазба Орталық Азияны зерттеуші Николай Гродековтың қорында сақталған. Ал бұл қор Петр Щукин дегеннің коллекциясы болып саналады екен. Ресейдің белгілі тарихшысы, түріктанушы Илья Зайцев ислам қолжазбалары жайында жоба ұйымдастырып, көрмеге қою үшін осы тектес құжаттарды қойып жүріп, ойда-жоқта Ахмет Кенесариннің қолжазбасын тауып алады. Өзі де тілді білетін, жазуды танитын Зайцев оқып көрсе, кезінде Смирнов жазған кітаптың қолжазбасы болып шығады. Бұл 2004 жылғы оқиға. Бірақ одан кейін ғалымның уақыты болмай, тек биыл ғана жариялауды мақсат етеді. Қазақ мәдениеті үшін қолжазбаның құнды екені даусыз. 

Енді қазақ оқырмандары үшін бұл қолжазбаның түпнұсқасымен жұмыс істеп, қазақ тілінде жариялау міндеті тұр. 

Міне, қымбатты оқырман, бұл қолжазбаның шығу тарихы осылай өрбіген екен. Егер кітаптың басқа тарауларынан хабардар болғыңыз келсе, Заңғар Кәрімханның «Дүние шыр айналса …» кітабын оқуға кеңес береміз.

«Сын түзелмей…»

Қайым Мұхамедханұлы, Қуандық Мәшһүр Жүсіпұлы, Ғарифолла Есім сынды ұстаздардан дәріс алған тіл-әдебиет маманы, сыншы, жерлесіміз Әмина Құрманғалиеваның «Сын түзелмей…» кітабы біздің қорға келіп түсті. 

Кітапта соңғы кезде әдебиет әлемін елең еткізген, тіпті сәл дүрлігіс тудырған – Әмина Құрманғалиқызының сын-сараптамалары берілген. 

Бір ғана «Айтыс, қайда барасың?» атты мақаласын алатын болсақ, автор қазіргі айтыстағы кемшіліктер туралы өз ойын былай білдіреді:

«… Мәселен, айтыстағы білім. Айтыс ақынына ең керек қасиеттің бірі – білімділік. Білімді ақын өзіне сенімді болады. Қанша желдей есіп отырғанымен, көрерменді иландырып, бас идіретін – ақылды, білімді сөз болады. Ақын нені білу керек? Ең әуелі халықтың көне тілін, ауыз әдебиетін, мақал-мәтел, қанатты сөзін, тарихын, бұрынғы-бүгінгі әдебиетін, әдебиет өкілдерін, шежіресін, этнографиясын, салт-дәстүрін, наным-сенімін білуі керек. Қазақстанның қай өңірінде айтысып отырса, сол өңірдің нені құрмет тұтатынын, нені шам көретінін, жаргоны мен диалектісін, тіпті руларына дейін білуі керек. Географиясы мен флора-фаунасына дейін білуі керек.Ақындық мінез туралы.

… айтыс ақынына ең қажет қасиет – салқынқандылық, майталмандық, кеңпейілдік, сөзге тоқтау, қарсыласыңды да бағалау.

Нағыз мінезді ақындар деп Арқа ақындарын атар едім. Қонысбай, Айбек, Аманжол, Әсия, Мұхамеджан, керекулік Серік Құсанбаев, Нұрмат, Жандарбек, Бекарысты атар едім. Нағыз салдық, серілік, бекзат-тектілік, сырбаздық, сабаздық болмыстарына біткен…» 

Құрметті оқырман, «Сын түзелмей…» кітабы өз қадірі мен сөз қадірін білетін оқырманға қажет болары сөзсіз. Ендеше, сиясы да кеуіп үлгермеген кітапты бірінші болып оқуға асығыңыз

«Абай туралы естеліктер»

«Абай туралы естеліктер» кітабы Абай өмір сүрген ортада күн кешкен, ақынмен аралас-құралас болған, көзін көрген адамдардың естеліктерінен тұрады. Кітаптың құрастырушылары: Б. Жүнісбеков, М. Қайрамбаева, Ш. Садықова, Н. Өмірбекова, М. Кенемолдин. 

Кәкітай Ысқақұлының естелігінен: « … 1885 жылы жаз ортасында Абай аулына Долгополов келді, ол адамның мамандығы адамның жаратылысын тексеру екен. Шыңғыс тауының сыртында көлденең Шаған деген өзеннің жағасында «Қоңыр әулие» деген үңгір тас бар, соған Долгополовты өзі ертіп апарды, қасына Мағауия екеумізді ертті. 

«Қоңыр әулие» жал болып өткен ақ тас екен, сол тастың оң жақ бетінде, тастың орта тұсында бір адам сиярлық жарық бар, одан ары қарай жүрсең, кеңдігі бес жүз қойдың орнындай, биігі он метрдей қараңғы үңгір, одан ары жүрсең көлемі одан да үлкен тағы қараңғы үңгір, үңгірдің ішінде терең көл бар, суы мөлдір, арғы шетіне көз жетпейді. 

Бір қалтарыста кереует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қаратас жатыр, сол жатқан тасты надан ел «әулие» деп санап соған ақтық байлап, түнейді екен. 

Сол үңгірдің ішіндегі тасқа келгендер түгел аты-жөнімізді, келген мезгілімізді жазып кеттік…» Қарап отырсақ, қазіргі өзіміз барып жүрген «Қоңыр әулие» үңгірінде дана Абайдың да қолтаңбасы қалған екен. Қымбатты оқырман, Абай жайында көбірек білгіңіз келсе, «Абай туралы естеліктер» кітабын оқыңыз.

«Мың бір дауа»

Назарларыңызға Семейлік Сабыр емшінің «Мың бір дауа» кітабын ұсынамыз.

Сабыр Сейітқанұлы Сыбанжанов – елге танымал атақты тамыршы, емші болған. Ол келушілерді ине салу, магниттік терапия, отпен емдеу, шөппен қыздыру, нүктелік массаж бен гуашатерапия тәсілдерімен емдеді. Дәрігерлік білімін Шығыс медицинасымен ұштастырды. Талай науқасты аяғынан тік тұрғызды.

Кітапта автор ежелгі Қытай медицинасының тылсымдары мен тәмсілдері туралы жан-жақты әрі кеңінен сыр шертеді.

Мәселен, көп адамдар инемен емделеді. Ал, сіз ине алудың тәртібін білесіз бе?

Ине қою кезінде ай мен күн, жұлдыздар, төрт мезгіл мен табиғаттың барлық заңдары назарға алынады. Инені табиғаттағы барлық қуат тепе-теңдік жағдайында қою керек. Ыстық ауа райында адам денесінде қан жылдам ағып, қуат тәннің сыртқы қабатында болады. Ауа райы суық және бұлтты болғанда қан айналым жылдамдығы кемиді де, адам денесіндегі қуат тереңде жатады.

Қуатты таратқанда да, жинағанда да оған қолайлы сәтті таңдай біліп, сол мүмкіндікті жоғалтып алмау керек. «Толымдылық» кезінде қуатты тарату, «бостық» кезінде – жинау, қан тұрып қалғанда қан кетуін ұйымдастыру қажет. Мәселен, ине қиындықпен теріге кіретін болса – «толымдылық», еш қиындық тудырмаса, оп-оңай кіріп кетсе – «бостық».

Инені қоюға тиым салынатын жағдайлар:

– ай толуы кезінде қан мен қуат қозғалысының үдемелігі артады. Өте суық ауа райында және ай туғанда ине қоюдың қажеті жоқ.

– мастық кезінде, ашу үстінде, шектен тыс қажыған, шаршаған халде, тойып тамақтанғаннан соң, аштық жағдайында, қатты үрейленгенде, қатты шөлдегенде, ұзақ саяхаттан кейін. 

Кітапта сондай-ақ бабаларымыздан жеткен дәрілік өсімдіктермен емдеу тәсілдері, жан саулығы мен тән саулығын сақтау құпиялары сөз болады. 

Өкінішке орай, жуырда ғана Сабыр Сейітқанұлы өмірден озған болатын. Бірақ өзі өтсе де, артында еліне қызмет еткен еселі еңбегі қалды. 

Кітап, бірінші байлық – денсаулықты бағалай білетін оқырманға арналған. 

   

Share