ШЫҒЫСТЫҢ ЖАУҺАРЛАРЫ

ШЫҒЫСТЫҢ ЖАУҺАРЛАРЫ

«Шығыс өңірі – қазаққа Ақтамберді жырау мен Дулат ақынды, Ақтайлақ пен Кеңгірбай биді, ұлы Абай мен Шәкәрімді, кемеңгер Мұхтар Әуезовті және Қажығұмар Шабданұлы, Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Төлеужан Исмайлов, Нұрлан Мәукенұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді көптеген тамаша сөз зергерлерін, Сәрсен Аманжолов, Зәки Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Шерияздан Елеукенов, Кенжехан Матыжанов сияқты әдебиеттанушы ғұлама ғалымдарды берген қасиетті өлке. Алдыңғы аға буынның ізін басқан кейінгі толқын арасында да қабілет-қарымын дәлелдеп үлгерген талантты жастар баршылық. Ал олардың шығармашылық мұрасы – толайым қазақ жұртының ортақ олжасы, құнды қазынасы» деп жазды «Алтай-Ертіс» сериясымен шыққан «Абай шығармалары» кітабының алғы сөзінде Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кітапханамызда жақында ашылған өлкетану орталығы осы қаламгерлердің шығармаларын насихаттау барысында «Шығыс жауһарлары» рубрикасын назарларыңызға ұсынады.

 

Езу тартайық, ағайын

«… Мен 40 жыл күлкіге көп орын тимейтін мекемелерде қызмет істедім.
Соның өзінде, оқта-текте, езу тартатын оқиғалар кездесіп тұрғанын ескеріп,
осы шағын еңбегімді оқушы таразысына тартып отырмын»
Автор.
Мұрат Қалматаевтың «Езу тартайық, ағайын» кітабынан «Көже неге суық?» әңгімесінен үзінді ұсынамыз:
Университетті бітіріп келіп, Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаныма екі-үш айдай ғана уақыт өткен. Бір күні Семейден облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы телефон шалып, Алматыдан Орталық комсомол комитетінен жұмысымызды тексеру мақсатында бір инструктор келе жатқанын хабарлады.
Алдын-ала келісім бойынша автобус аялдамасынан қонағымды қарсы алдым. Орталықтан келген адамды қарсы алып көрмеген басым неден бастауды білмей: «Үйге жүріңіз, шәй ішейік» – дедім.
– «Сені университетте осылай үйретіп пе еді? – деді өкіл, қабағын түйіп. Мен жұмыстарыңды тексерейін деп келдім, шәй ішіп, қонақ болайын деп келгем жоқ. Екі-үш күн ауданда боламын, басшылармен жолығамын. Жатар жерім – қонақ үйі, тамақтанар жерім – асхана болады. Ұқтың ба», – деп тексерушім маған бақырая бір қарап алды.
– Елге келген адамға құрмет көрсетіп, ас ұсынуды университет емес, анамнан үйреніп едім, – дедім мен де сөз реті келгенде.
Байқаймын, қонағым ыңғайсызданып қалғандай болды.
… Қонақ үйдің де жағдайы ұнамады Алматылық өкілге.
– Меню әкеліңіз, – деді асханаға кірісімен, – даяшы қызды шақырып.
– Меню деген бізде жоқ, – деді қызымыз. Только окрошка и котлета, что обязательно читать надо – деп официантка қабақ шытты емес пе, бар болғыр…
– Әп-сәтте окрошкамыз да келіп қалды.
– Көже неге суық? – деді инструктор ауызына бір қасықты апарар-апармастан.
Дәмін татып көріп едім, расында салқын екен, бірақ маған ұнап барады. Бұрын кім ішіп көрген бұл пәлені. Студенттің бар тамағы борщ пен нан еді ғой (көпшілігіміздің).
– Шақыр даяшы қызды! Директорды, аспазды да райкомға қоса шақыр!, – деді де қонағым тарелканы сиырып тастады да, «кеттік конторыңа» деп бұйырды. Асхана бастығына «Сіз, повар екеуіңіз жаңа жұмыс іздеңіздер» деп кесіп айтты кетіп бара жатып.
Райком комсомолға кіргеніміз сол еді, телефон шылдыр ете қалды. Тексеруші менің бөлмеме кіріп кеткен. Мен трубканы алсам, Обком комсомолдың бірінші хатшысы Базар Мухамеджанов екен.
– Қалай қарсы алдың ба «бастықты»? – деп күле сөйледі Базекең.
– Қарсы алғаны бар болсын, таң атқалы естігеніміз сынау-мінеу болып жатыр, – дедім де «окрошканың жырын» айттым.
– Ойбай-ау, окрошка дегеннің өзі суықтай берілетін тағам-ғой, сен білмеуші-ме едің? – деп бастық таң қалды.
– Берші трубканы инструкторға, – деді.
– Сіз қайта телефон шалыңыз, әйтпегенде мен Сізге шағынғандай боп қалармын дедім.
Екеуінің не сөйлескенін білмедім, әйтеуір, аздан соң уәкіл мені шақырып: « Мұрат, әлгі асхана бастығына «отбой» бере тұр, жұмыстарын пока істей берсін. Ал, сен үйдегі келінге айт түске бір ыстық тамақ дайындап қойсын. Кешке шұғыл түрде қайтуым керек» – деді емес пе қонағым…»
Құрметті оқырман, Мұрат Қалматаевтың кітаптарымен танысқыңыз келсе, кітапханамызға келіңіз!
Share

Пікір үстеу